11.03.2026
10 наурыз күні Bolaschag Saraiy ғимаратында «Ақмола облысының білім беру саласын дамыту: қаржылық тиімділік, цифрлық технологиялар және адами капитал» тақырыбында Ақмола облысы Білім басқармасының алқа отырысы өтті.
Алқа отырысына облыс әкімінің орынбасары Айтбаев Д.Е., білім басқармасы басшыларының орынбасарлары, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Отырыс барысында өңірлік білім беру жүйесін дамытудың негізгі мәселелері қарастырылды. Қатысушылар Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындыларын шығарып, 2026 жылға арналған салалық бюджетті қалыптастыру мәселесін талқылады. Сонымен қатар педагог кадрлардың сапалық құрамы және оның білім сапасын арттыруға ықпалы талданды.
Білім беру процесінің сапасына әдістемелік қызметтің әсері, инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қатысушылар білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудағы заманауи тәсілдерді, оның ішінде білім беру процесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
Алқа отырысы іскерлік әрі конструктивті жағдайда өтіп, «Сұрақ–жауап» айдарымен қорытындыланды. Оның барысында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, өңірдің білім беру жүйесін одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.
